Асыл текті Ашина
Қадым заман қағидасы тым қатаң,
Азбан ғасыр азынаса жыл жұтаң.
Қайран фәни қайраңына үңілсем,
Шерін төгіп шертіледі жыр ботам.
Табыттағы ой
Иманым ұйып қамдансын,
Көрейін жатып табытқа.
Ажалдың өзі таңдансын,
Өлімнен келген шабытқа.
Үтір барда
Өрге тартам өзімді өртім барда,
Тыңдай бергін күйімді шертіп ал да.
Өткен күндер жуасыған жылқыдай,
Келер күндер тұр әні үркіп алда.
Көктөбеде
Алматыға келмеп едім көптен-көп,
Көктөбеге көтерілдім көктем боп.
Тіршілігің қалды табан астында,
Алтын тақтар, жүрген бізге өктем боп.