Үтір барда

Өрге тартам өзімді өртім барда,

Тыңдай бергін күйімді шертіп ал да.

Өткен күндер жуасыған жылқыдай,

Келер күндер тұр әні үркіп алда.

 

 

Перілермен біргемін пікір барда,

Ақындармен біргемін зікір барда.

Жер анамның төсінде уыз- ырзық,

Бабам айтқан аузымда шүкір барда.

 

Күнмен бірге күлемін күлкім барда,

Бола берем мен ғашық шіркін барда.

Пейілімді көрсейші татып менің,

Жемісімді сен келіп сілкіп ал да.

 

Иманыма иланам сенім барда,

Дұшпаным да жоқ емес күпір барда.

Өмір соңы білемін жалғыз нүкте,

Өрлей берем әзірге үтір барда.