ҚЫРАНДАР ТОРДАН БОСАТЫЛСА...
- Подробности
- Категория: Ақын трибунасы
- Дата публикации
Қырандарға бостандық
2016 жылдың қаңтар айында Тараз қаласында Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың иегері, ақын Құрал Көмекпен кездесу кеші өтті. Ақын Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай жазылған "Қырандарға бостандық" өлеңін оқып, жастарды көк туымыздағы қыран құсымызды құрметтеуге шақырып, үндеу айтты. Онда, туымыздағы қыранға құрмет көрсету орынды болу үшін және жастарға, кейінгі ұрпаққа үлгі болу үшін Қазақстандағы барлық зообақтағы қырандарды тордан босатуға шақырды. Расында да, көк туымыздағы көк қыранымыз зообақтарда құсалықта болғаннан гөрі еркін аспанда қалықтағаны ғажап емес пе? Мұнымыз еліміздің туға деген құрметін арттыратыны және патриоттық сезімге тәрбиелейтіні сөз жүзінде емес, іс жүзінде екенін мойындайсыз.
Ерғали Мұхамеджанов
М.Шахановтың сенімді өкілі
Темір торда сұңқар отыр сұңғыла,
Әй, қазақтар, бір сәт тоқтап, сыр сұра.
Өз қыранын өзі қамап тастапты
Жылқы мінез ұлдар қайда, шұрқыра?!
Асыл құсты шідерлетіп қапасқа,
Қай бетіңмен ақталмақсын алашқа?
Батыраштар, Қотыраштар мұқалтып,
Салма мұны сәуегейлік таласқа!
Шеңгел құрсау текті бекзат құсада,
Қарашығы қашан көрсең қияда.
Қыл шылбырдан тұзақ салып қазақтар,
Ал, өздері қыран болып ұшады,ә!
Қиянатың бейтараптық масқара,
Қалай бізден үлгі алмақ жас бала?
Қыран болу біздің арман емес пе,
Нағыз ерді түсінген
нағыз ерлер,дос қана!
Шыңға қадап айтқан ақыл сөз Майқы,
Жетесізге жетпей тұр,
жүрегіме сол қайғы.
Соқыр кеуде, құлақ керең не істеді,
Қырандарға кісен сап,
қызықтауға болмайды.
Қайсарлығы қанында
мұзбалақтар сілкінген,
Әкелер мен бабалар
даламызды шын сүйген.
Керек шығар үлгі алу
қастерлеу мен дәстүрді
Сиырларын сыйлаған
ұлы халық үндіден.
Желбіреген туға қара,
Туға қара анықтап.
Күн астында көк қыран
Қанат жайған қалықтап.
Шырқалғанда ән ұран
Сапқа тұрсақ сақадай,
Ар мен намыс кеудеден
Ұшқан көкке шарықтап.
Қырандарға қиянат
Үлкен қылмыс, қараңдар,
Еркіндігі егеулі
Асыл құста жыр-ән бар.
Ұл қыздарға ғажайып
Болсын үлгі-өнеге,
Хайуанаттар бағынан
Босатылсын,
Босатылсын барша қырандар!