Асыл текті Ашина
Қадым заман қағидасы тым қатаң,
Азбан ғасыр азынаса жыл жұтаң.
Қайран фәни қайраңына үңілсем,
Шерін төгіп шертіледі жыр ботам.
Дала еркін сол даланың бар әні,
Балбал тастар жапан дала қыраны.
Бәдәуилер тасқа басқан торғай із
Қапез айтар тұз тағысы туралы.
Дой далада долы мінез аңдасқан,
Жорықтардың жеңіс туы алдаспан.
Көкжалдардың тәңірісі – Ашина
Ол туралы аңыздар көп, бар дастан.
Дәріптеуге, лайық оның бар даңқы,
Қанды жебе қашандағы садағы.
Дәл өзіңдей азулысын жыр етіп,
«Арланым» деп айтқан қырдың қазағы.
Ұлығаны ұлы ұран жорықта,
Жеңістердің лебін сезер алып та.
Қасқырлардың әуегінің көсемі
Абаданың болса, сірә, торықпа.
Апандардан алыстарға сүзіліп,
Апай төстер жатыр төрде көсіліп.
Шойындарды күртілдеткен азулар
Қақпан-шынжыр қалған талай үзіліп.
Даралатпай, дақпырт етпей даңқтарын,
Қарсы алған от жанарлар ақ таңын.
Құртқа ене бауырында әлжуаз
Қаламайды «күшіктердің» жатқанын.
Көкірегі тек күресті қалайтын,
Бөлтірігі дала кезсе талмайтын.
Содан болар абадандар тусын деп,
Қасқыр ене
Қосағын
Өзі ғана таңдайтын.
Міне ғажап,
Сапалықтың талабы,
Тек асылдар
Жолды заңғар табады!
Ерлер менен ездеріңді сұрыптар
Тектіліктің теңдесі жоқ сабағы...!
Таңдау келді тағы да сынай қарап,
Бөрі заңы ежелден солай талап.
Жұқсыздарды
Әмірімен құртқанын
Ұяластар,
Тастады
Бір-ақ шайнап.
Таба алмай тектілікке лайықты,
Қасқыр әуек үнсіз қалды, айыпты.
Сәлден кейін көкке қарап Ашина
Ақтық шешім қабылдады байыпты.
От қабақты дүлей тасқын топталып,
Дүр сілкінді тың жорыққа оқталып.
Қасқыр ене бастап кетті үйірді
Тау ішінде бір ауылды бетке алып.
Талақ етіп тағдырыңның тепкісін,
Құйындайды
Қарайгөр,
Ашинаның кектісін.
Бар ауылда бір сырттан ит біледі,
Біледі ол сол төбеттің тектісін.
Тосқауылға қалдырды да үйірін,
Ішке тартып шалдыққан қос бүйірін,
Үймен-үйдің арасымен із кесіп,
Төбетпенен кездесіп,
Шешті жұмбақ түйінін.!!
Сезім арбап ит қауымды алжытқан,
Дәмеленіп өзге иттер құртқаңнан
Өңкей маубас бара жатты соңынан
Ал тасада дүлей үйір қан жұтқан.
Түн мен сағым қан қамауда астасқан,
Қармағынан құтылмаған қастасқан.
Найзағайдай атылды да
Қасқырлар
Барлық итті қырып салды «достасқан»...
Бүкіл ғұмыр жортуылда қашанда,
Түз тағысы жүрген емес тасаңда.
Көктем шыға өңкей қаби бөлтірік
Көксеректер пайда болды апанда.
Р.S.
Жебейтұғын жігер жалын жасындар,
Сендер білмес сезімдер бар тасқын бар.
Сақтап қалды намыстарын Ашина
Санын соғып қалмас үшін қасқырлар!!!
Ашинаңыз рухы биік, жүгі нар,
Асылдарға асау ағыс табылар.
Әйел қауым,
Әй, Ел бол!
Кезек келді,
Бүгін соны ұғынар!