Мен — даланың ұлымын

Мен — даланың ұлымын, жуса сіңген,

Менен ғасыр басталған боздап інген.

Құйрықжалын төгілтіп төскейіме,

Құйрық тастап күлікке тұлпан мінгем.

 

Мен даланың — ұлымын, Ұмай — анам,

Құрсағынан жаралған түркі бабам.

Уызынан Ұмайдың Ұлы болып,

Жалғастырған ұрпағын бүкіл далам.

 

 

Мен — даланың ұлымын,  көшпендімін,

«Көш» дегенің жарығы өскенімнің.

Өмір заңы — қозғалыс, білесің бе?

Бұл фанидің жұмбағын шешкенімнің.

 

Мен — даланың ұлымын, бөрі тектес,

Жырласаң да мың шайыр шері жетпес.

Еділ бабам — Аттила, Гомер — Ғұмыр,

Сырттанымын сақтардың сырын бермес.

 

Мен — даланың ұлымын, мұсылманмын,

Көк аспанға көгершін ұшырғанмын.

Сенім — діңгек, иманым — құлыптасым,

Арым үшін алысып тұшығанмын.

 

Мен — даланың ұлымын, асқан ғалам,

Пушкиндерді, Гётені жатсынбағам.

Тургеневтің түп тегі — Түргеніңмін,

Достаевсий түбірі — Достай бабам.

 

Мен — даланың ұлымын, көнесі мұң,

Ұлан байтақ жерімнің егесімін.

Төбесімін дос болсаң көк аспанның,

Дұшпан болсаң —  садақтың жебесімін.