«Мен өлсем де өзімнің күшімдемін...»

«Мен өлсем де өзімнің күшімдемін...»

 

Ассалаумағалейкум, Абілда аға!

Өзіңіздің «хабарласып тұрайық» деген соңғы сөзіңіз есімде қалып қойды. Минуттармен басталып, минуттармен аяқталған ақындық болмысыңыздың сынығын жалғай алмай отырған жайым бар:

«...Жұбата алдым ба адамды көзге жас толған,

Бір шыбық шанши алдым ба екен жас талдан.

Кеткен жоқ па минөттерім желге ұшып,

Өмірім менің сол минөттерден басталған...»

Осы өлең жолдарын ойлана оқып, өзіңізге дұға бағыштап, өзімнің жылы лебізімді білдіргім келді...

                                  

Өлең жазу машығы, өзіне ғана тән өзіндік ерекше бір ырғағы бар ақын Абілданың әр өлеңінің астарында шындық жатады...

Жетімдікті көп көрген Абілда өзін-өзі іштей жей бермей, қайғыдеген қамалды бұзып шығып, өлең деген дертке шалдықты. Мынау жарық дүние тұрғанда өмір сүру керек екенін, үміт бар да өмір бар екенін қаңғыбас төбеттің көңіліне қарап ұғынады ма қалай:

Ауылға келдім,

Туған жер суық қарады.

Мен жайлы өсек өрттей-ақ гу-гу тарады.

Баяғы үйдің орнында тұрмын құлазып,

Қаңғыбас төбет қолымды келіп жалады...

 

... Өлімге деген бір сезім билеп ырқымды,

Сыймаған ойдан қақырап кеудем жыртылды.

Қайғыдан қаусап теңселіп келем,

Ал, бірақ,

Көңілді еді қаңғыбас төбет бір түрлі.

         Ақынның қарапайым болмысы оның тағдырының негізгі тетігі, ол сол қарапайымдылық арқылы оқырманның жүрегін баурап алды, көпшілікті өзіне қарата білді. Ақын шынайы өмірді өз көзімен көрген ондағы қайшылықтардан, тартыстардан, әр түрлі оқиғалардан әсер ала отырып жазды. Поэзиядағы қарапайымдылығы да жеке өзіне тән қасиет еді.

         Абілданың өз әлемі бар. Ой иірімдері ақын жүрегінің сезім, сезу құбылысы да ерекше. Тұманбай ағамыз айтқандай Абілдаға өлең туған анасындай, баласындай болды. Өлеңмен өмір сүріп, өлеңмен өрге өрледі. Оның басына түскен ауыр халі, оның арман-мұңдары өзіне тән стилімен суреттелді. Ал, шынайылық көпшілікке, оқырманға ұнайтыны сөзсіз. Оның өлеңдері заман ағысымен тығыз байланыста. Заманның өңін, бұлағай күндерді сартап болған сезімдермен шебер жеткізе білді:

 

 

 

         «...Түсінетін жағдайыңды кез келген,

         Аман болсын қай кезде де көз көрген.

         Тұрлауы жоқ сағат сайын өзгерген

Қорқамын мен бояуы көп сөздерден...»

Бояуы көп сөздерді ақын жүрегі сезді де сескенді. Кеудесіне қышқыл себетін сондай сөздерден елді сақтандырады. Бояуы көп сөздерден қиянат ойнақтайтынын, оның жақсылық емес екендігін ой таразысынан өткізіп, өкінді. Жалтақтап ән салған жасандылықпен алысып, адалдықтың талқанын қаузады.

Ақын жүрегі мазасыз ойлармен күй кешіп, өзгелерге өріс тіледі. Өзінің сезім сәулесін нұр шамындай жарқыратып, төңірегіне жарық берді. Ақ бұлақтай ақтарылған ақ тілегімен қасаң тартқан тірліктің топырағын жарып, адамдықтың мәнін түсіндіріп, кей кезде әлемдік үйлесіммен үйлесіп кетеді:

«...Жүректерді өлеңмен өртеп тербетсем,

         Қыздар менен көктемді ертек етсем.

         Бар адамға әкемдей еркелесем,

         Бар баланы өзіме еркелетсем...»

Өрмекші мұңымен өрмегі өріліп тұрса да, өзгені өзіне тарту қанында бар қасиет. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» - Абай атамыз айтқандай, тынымсыз түйсігі тыным бермеді. Кірпіктерінде шық тұрса да өзгені жұбатты. Қараңғы үйдегі жарқ ете қалған шамдай үмітін үмітке жалғап қайнады, қайнады да қайта түледі. Алдындағы қатал сындардан сынбай өтті. Өлеңмен жігерленіп, өлеңнен от алады:

         «Жаңбырларым терезе шертіп өткен,

         Жер-жаһанға сыйғызбай тентіреткен.

         Жолын, салтын қазақтың құрметтеген

         Ауыр еді жыр-гүлдің серті неткен.!»

Ия, қандай ауыр жағдайда да өзі өлеңге деген, поэзияға деген серттен тайған жоқ. Жазушылар одағының үйсіз-күйсіз жетімек күйін жебеп, демеп қаншама жыл жүрді. Поэзия мен ақындық арасында шынайы рухани байланыстың күре тамырын дәл басып, сол поэзия тарланының көбігін шығарып, талай рет топ жарып алда келді. Түркиядан Халықаралық Физули атындағы сыйлығын алып, елді қуантты.

         Беу, шіркін, дүние-ай! Аңқасы кеуіп, жағалауда қалған балықтайын болған тағдырына талайлар куә. Жүректі жұбатар амал таппай шабытына Алладан араша іздеді. Сөйтіп жүріп, өлеңдегі шабытын өршітіп алғанын өзі де білмей қалды:

         «Ей, қара түн,

         Айтшы маған ақтығын,

         Мен осынша зарға қамап тапты кім?

Кінәлі деп айтайынба шешемді

Әкем бе екен, іздеп өткен бақ пірін...»

Тағдырдың тарам-тарам жолында ердің сағын сындыратын көпе-кернеу қиянат қабырғасын кейде қайыстыратын осындай «дүниелер» Абекеңде жиі кездеседі. Бірақ, Абекең оған мойыған жоқ. Қарабайыр өмірде жиі кездесетін адамдардың бақ пен сорының тайталасынпоэзия әлеміне шығарып, сол арқылы өз толқыны ішінде жоталысы бола білген абзал азамат. Ішіндегі алай-дүлей сұрапыл толқындарықоздата сақтап, өмірдің «қозғалыс заңына» қозғалыс қосқандай:

«Адаммын ғой жаралған сүйек еттен,

Жақсылықты жаныма тілек еткем.

Бірақ, бірақ, семіріп келе жатыр

Жүрегімді кемірген күйе көптен»

Жан дүниесіндегі қылаусыз пәктігін жеткізгісі келген сезім иірімінің жаралы жанайқайы. Тағдырын мүжіген сайын жүректегі күйе семіретіні бесенеден белгілі, бірақ оны тек Абекең айтты. Дүниенің шарасына сыймай бара жатқан сәтінде ғашық оты алаулап шыға келді. Жанына қуат құятын махаббаттың «маралын» кездестірді. Шабыттың тынысы – ғашықтықта... Әттең, мұны көпшілік түсіне бермейді, түсінгісі келмейді. Ақын мұны өзі ғана сезінеді. Абілданы түсіну үшін оның жүрегі және көзі керек. Ғұмырлық ғаріп болған жүрегінде қан тулады, ақын жүрек жоғалтқанын қайта тапты. «Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын» - ия, бұлМұқағали, ал Абілда ше:

«Сен жап-жассың, мен болсам қырықтамын,

Құрап жүрмін қиялдың сынықтарын...»

Сол «қиял сынықтарын» құрай отырып, өлеңмен өзін емдеді. Ырқына көнбеген қасаң тірлікті көндергендей көрінді. Өз тіршілігінде қайта көгерді. Дір-дір еткен жүрегі қайта түледі. Өмірге қайта өлең келеді. Ақын үшін одан артық бақыт жоғы тек ақындар үшін түсінікті болып тұрғанмен, өзгелер де үнсіз мойындайды. Ақын бойындағы ақындықтың нәрі қайта тамырлап, бүршігін жайды. Ешкімге жұбанбай жүрген жүрегі бір сәтке болса да жұбаныш шерін тарқатқандай сезімде жүреді. Өзі айтады: «Махаббаттың мендегі түрі бөлек», «Өзгелерге ұқсатқым келмейді...»

Әр өлең жолдарындағы сезім бүршіктері жаныңды баурап, пәк иірімнің күшіне еріксіз бағынасың. Жаныңды ауыртпай, кеудеңді сыздататын сағыныш мұңдар... Мұңсыз ақын болмайды. Абілда мұңлы музаға айналды. Сол музасымен періште қанаттарын қаққылап, жүдеген өлеңін шырайландырды.

«Көп болыпты-ақ өлең жазбай кеткелі,

Ырық бермей асау өмір өткені.

Шабытты шақ мұрын бұрды әйтеуір

Құсқа толы муза таудың бөктері».

Муза тауының бөктерінде жүріп, өлеңдері ой таласынан басталып, жер үстіндегі ұшырасатын әділетсіздікпен күресті.

«Таң қаламын қарап сенің сыртыңнан,

Қара талдар, ортасынан қырқылған.

Табылар деп өткен күннің елесі,

Іздеп жүрмін бір деректі жұртыңнан...

 

...Қара талдар – қара атандар, қырқылған,

Сен де тарлық көрдің бе екен құлқыннан.

 

Мезгіл сайын ортасынан қырқылған,

Айнымайсың менің Қазақ ұлтымнан.»

Қара тал мен қара қазақтың тағдырын салыстыра келіп, адамдардың тас басқан жүректерін оятқысы келген жан күйін сезінесің. «Мезгіл сайын ортасынан қырқылғын» құлағанды көрмейтін, ешнәрсені сезбейтін «жылы жүздерден» сескеніпкүрсінеді, солар үшін тұншығады...

Сезімінің астарында өмір үшін күрес жатыр. Оның ішкі мәдениеті болмысынан байыпты, парасат түйінімен ұштасып жатқанын ақын шығармашылығымен таныс адамға Абекеңді түсіну қиын емес. Ол осы өлең өмірімен қазақ поэзиясының кеңістігін кеңейтуге өз үлесін қосқан ақ жүрек ақын:

«...Келеді үміт толы таңым да атып,

Күте бер өзің мені мамырлатып.

Шошынба, терезеңді шертіп тұрсам,

Қалғанда уайымсыз бәрің жатып.»

Абекең жаңбырды жақсы көретін еді, жаңбыр астында малмандай болып, сенделіп Абекең келе жатыр. Бәріміз уайымсыз жатқанда жаңбыр тамшы саусақтарымен терезе шертіп тұрғандай... Сонан кейін өзі айтқан Арыстың бұлдырлаған бұлағына қосылып, жаңбырлы түнде жабырқау күйде көз ұшында бұлдырап кете барды. Қош бол, аға! Қараңғыда алыстап бара жатқан таныс сүлде кеуде тұсыңды қақыратып, сөгіп жібергендей. Жазмыштың жазылмас дерті кеудесіне өлең болып қонған, ей, қазақтың ақыны:

«...Мен өлген соң бірдеме болар ма екен,

Әлде дүние көркейіп оңар ма екен?

Баяғыдай байларың Құдайсынып,

Панасы жоқ кедейлер тоңар ма екен?...» - деп, сөйлеп қоя береді.

Абеке, ешнәрсе өзгере қойған жоқ. Бәрі де сол баяғыша. Байларың құдайсынып, кедейлерің тоңып жүрген күйзеліңкі күй. Жүрегінде шуағы бар өзіңіз секілді адамдармен кездессем қуанып қаламын. Ондайда өзіңіздің күнге күйіп, қарауытқан асыл бейнеңіз келеді. Өмір сізді өгейсінді, бірақ сіз өзге қойға телінген қозыдай сол өгей «өмір ананың» соңынан қалмай, жүрегін идірдіңіз. Өмірге сенгіш өзіңіздің жарық дүниеңізге періште көңіліңізбен қарай-қарай мәңгілікке сапар шектіңіз.

Қоңырқай даусымен Абілда өлең оқып бара жатыр:

«...Менің жолым баянды бақ үшін-ді,

Тыңдайсыңдар бәрібір ағысымды.

Көздеріңді сүрткенсіп өп-өтірік,

Жыртпай-ақ қой өлгенде намысымды.

 

Сендерсіз де жұртқа аян ісім менің,

Керек емес өлген соң түсінгенің.

Керек емес бір сәтке кішіргенің,

Мен өлсем де өзімнің күшімдемін.»

 

–       Құреке, хабарласып тұрайық...!!!

–       Ия, ия аға, бәрі де солай, хабарласып тұрайық...!!

 

Халықаралық Физули атындағы

сыйлықтың иегері, ақын

Құрал Көмек

(Әбілданың туған күніне орай жазылған эссе-естелік)