Тексіздік аксиомасы
Сезбеймісің сен оны сеземісің,
Тексіздерге телініп өсемісің.
Табанына тапталып қорланбағын
Құлқыныңа құйылған көжең үшін.
Тексіздіктің сұм жолы қиқы нала,
Құнарымды қуратып қиқалама.
Сеніменен туыс та дос емеспін
Ұл қызымның басынан сипалама!
Көрін іздеп асылдың тыраштанба,
Иман айтып өтірік жыр бастама.
Былғанышты ауызбен бата беріп
Аяғыңмен төрімді ластама
Өлшенбейді тектілік дәулетіңмен,
Алтын сарай алқалы сәулетіңмен.
Қасиетсіз сатқындық келбетіңде
Көшірмесі көшіп жүр көлеңкеңмен
Бастан кештік сұр жылан сұмдығыңды,
Мансаптарға маталған мұңлығынды.
У ішкізіп арбадың елді момын
Сенен көрем отаршыл құлдығымды.
Адалдықпен парыздар өтеледі,
Тексіздерге тапталдық жетер енді!
Рухым менің сәл қалғып кеткен екен
Көк байрақпен көгіме көтерілді.
Жетер енді,
Уа, қазақ, басыңды көтер енді!