Ақиқат азайып барады
Жұмбағын шешем деп өмірдің,
Сарғайды көңілдің парағы.
Жүректің дауысы жаралы
Ақиқат азайып барады.
Сан-сұрақ сабалап сананы,
Уақытқа құрбан боп күндерім,
Жалғандық жауратып жанымды
Тоңдырды күртесі түндердің.
Қолжайған талдарға қараймын,
Жылылық іздеймін жандардан.
Сызданып ататын таңдардан
Қараша,желтоқсан,қаңтардан.
Мұң-зарды жерлейді қара жер,
Тұрады тіршілік жалтаңдап.
Табанға тапталған тағдырлар,
Бұралқы дүние талтаңдап
Тауларды,мұхитты,көтерген,
Теңселген жершарын сеземін.
Көкжалдар есіме түседі
Жаланып емдейтін өз емін.
Ұлиды ішімде көп дауыс,
Еститін құлақты таппаған.
Басымды сипалап отырмын
Баладай сабақты ұқпаған.