Бұлт туралы бұлдыр ой

 

Бұлт  болсам, бұлқынып шөлге кетер ем,

Шөліркеп жатқан шөліме сел боп жетер ем.

Тамшы болып таңдайына тамам да

Талықсыған құм кеудесін көтерем.

 

 

Күркірімді от  найзағай тыңдай біл,

Лаулар сонда,қаулар сонда құмда гүл.

Келер еді басын бұрып өзендер,

Шығар еді бұлақтардан балдай тіл.

Аққу қонар,көлге қанат қаз жайып,

Той болады мұнда көктем ғажайып.

Өз ойымнан шошып кеттім әлден соң,

Сексеуілдер кетсе керек азайып.

Қонғанменен бұталарға нұр бақыт,

Саялы бақ сәулелерін жырлатып.

Қалқан болар қайсарлығын қайратын

Сексеуілдер алар еді-ау ұрлатып.

Келгенменен көп тырналар тізіліп,

Үміт сөнер шөл тамырдан үзіліп.

Жалған жырмен жанын жүрер жылытып,

Нар кеуделер бор кеміктей мүжіліп.

Жаңсақ пікір шөлге бұлт боп ұшқаным,

Көктем болып шөлді барып құшқаным.

Сексеуілдер рухсыз гүлдеп бүр атса

Бас көтеріп  шыға келер дұшпаным.

Жалт етті де сөне қалды үміт күн,

Бұлт болуды армандама ұмытқын.

Сан жылдардың самайына ақ түсіп,

Енді ғана түсіндім

Шөлге жиі бармағанын бұлыттың!