Сакура гүлдегенде
Сакура – декаративті ағаш. Гүлі ақтан ақшыл-күлгін түске дейін болады. Сакураның жылдық гүл жаруы негізінен 1 аптаны құрайды.
Сакура жапон және жапон мәдениетінің символы ретінде қаралады. Бұл үрдіс ерте заманнан-ақ келе жатыр. Жапондар үшін сакура гүлі - өмірдің тез ағысын және нәзіктігін сипаттайды. Жыл сайын 27 наурызда Жапонияда сакураның гүлдену мейрамы күні аталып өтеді.
Сакура жапондардың айырылмас бір бөлігі, салт-дәстүрі, ынтымақтың, бірліктің символы, жапон ұлтының мақтанышы. Туған жерін ардақ тұтқан әрбір жапон азаматын қарапайымдылық, ізгілік арқылы өмірді ұғынуға шақырады.
Сакураны, сакураны көріппе ең,
Егіз олар біздің сары өрікпен.
Бүршік жайып сол сакура гүлдесе,
Қызықтайды бүкіл жапон бірлесе.
Отырады көлеңкесін саялап,
Жасыл талдың әрбір гүлін аялап.
Сакураның жұпар иісі бақ іші,
Әр жүректе асау толқын ағысы.
Пәк гүлдері көктем нұрын жамылған,
Кеуделерге жұлдыз болып тағылған.
Барлық жапон сакурасын сағынған,
Әрбір жүрек бір-бір маяк жағылған.
Сакураңыз ғашықтарға ұқсаған,
Сүйген жүрек сүйген сайын сусаған.
Бәрін – бәрін жетелеген құштарлық,
Әр жапонды жібергендей құштарғып.
Назым гүлдің жасыл жаны асыл жан,
Адамдарға құшақ жайып ашылған.
Дәстүр жалғар жапондардың тірлігі,
Неткен ғажап, неткен ғажап бұл үлгі.
Ғажайып көп суретшімен зергерге,
Өлең іздеп ақын келер бұл жерге.
Тамашалап барлық жапон аспанын,
Көрсең еді көзден ұшқын шашқанын.
Әрбір гүлден кескін кейіп табады,
Армандары күн сияқты жанады.
Қанша үміт қол ұстасып жарасқан,
Әрбір тілек ақ көгершін ән ұшқан.
Гүлдің рухын мәңгілікке мансақтап,
Жапон салтын сакурамен тұр сақтап.
Тамсанады ақын жүрек тәтті ерін,
Іште жатыр менің де бір әттеңім...
Гүлдегенде біздің жақта өріктер,
Қуатыңа дәл осылай сеніп көр!
Өнегеңмен өз өлкеңе көрік бер,
Барша қазақ тамашалап келіп көр!
Ұлы мұрат шыңға бізді шығарған,
Болу керек бар қазақта, бір арман...
Бар жамандық кетер еді азайып,
Болар еді бірлік бізде ғажайып.
Өріктер тұр біздің жақта ән шашып,
Сұлулықты паш еткендей жар салып.
Гүл өріктен ем іздеймін мен жалғыз
Қам көңілді жұбатпақпын тамсанып.