Цирк қоғам
(Баллада)
Жарамсақтық жаралғалы жарысқан,
Өтірігі һәм шындығы алысқан.
Жолақ-жолақ жолбарыстар мысық боп,
Цириктерде би билейді арыстан .
Көрермендер «браволап» үндерін,
Қошеметпен сыйға тартар гүлдерін.
Дырау қамшы долданғанда ысылдап,
Екі аяғын көтереді пілдерің.
Цирк іші, ұлан-асыр тамаша,
Маймылдар жүр көйлек киіп жараса.
Ақ білегі көтерілсе арудың
Қоңыр аю балпаңдайды балаша.
Біз туралы мүмкін ойы күмәнді,
Айтып жатыр кәнден иттер жыр-әнді.
Сұлу әйел жарқанат қой жалаңаш
Күйеуіндей аймалап жүр жыланды.
Барша аңды қойган екен баптап-ақ,
Билемесе, көнбегенге жоқ тамақ.
Күлекештер бұлғаңдатып құйрығын
Бейбақ күннің нәпәқасын мақтамақ.
Емес пе еді арыстандар аң пірім,
Сарқылғандай санамдағы сан сырым.
Тәкәппарлық тайып кеткен тағынан
Аң патшасын аяп тұрмын жарқыным...
Цирк осы, сауық-сайран думаны,
Бойымды бір түнек қысып тұрғаны.
Жолбарыстың қаперінде жоқ, сірә,
Жатырынан жабайы боп туғаны.
Осы жайлы пікір айттық таласа,
Біз цирктен шыққан бойда тамаша.
Қарт циркші әңгімесін тыңдадық
Алып барып біздер оны оңаша.
- Балам, - деді, қатуланып сидаң қарт,
Шертер болсам кеудем менің тұнған хат.
Атым менің Иван ағай ал енді
- Әкел сусын,құй құтыға жылдамдат.
Ащы уға тағзым етіп жеткендей,
Тәңір келіп таңқалдырып шөккендей.
Иван ағай шыға келді әп-сәтте,
Шуақ төгіп, бұлт ашылған көктемдей.
Бір құпия қазір ашып берем деп,
Әңгімені бастап кетті тереңдеп.
Жыр тыңдаған жамағаттай жақындап,
Біз отырдық әр сөзіне елеңдеп.
Айтар болсам бар сырымды егер шын,
Сұм айлаға адам қандай шеберсің?!
Жолбарыстан ажыратып аланын
«Күшігінен» еміземіз мегежін.
Ұзақ тұрды сол күндерін еске алып,
-Тфу, деді, кәдулігі мас болып,
Қоймалжыңмен қомданған соң аландар
Қояндайын қалар екен жасқанып.
Өсе келе
Жолбарыстан жоғалады мұраңыз,
Алыстайды арыстаннан шын аңыз.
Рухы сөніп жасқаншаққа айналған
Сол аңдарға мына біздер
Бұйрық беріп тұрамыз.
Сапырғандай тамсандырып бозасын,
Сөйлеп кетті Иван ағай тым ұзын.
«Мегежіннің, мегежіннің көк сүті»
Құлағыма жетіп жатты бір ызың...
Не деп кетті мына қара басқырың,
Кемерінен тасып барып тасқыным.
Неге мұнда көрінбейді деп салдым
Көк бөрінің тұқымдары қасқырым?!
Иван ағай біраз тұрды
Селдір шашын қайшылап,
- Күшігінен талай көрдім
Сол пәлені асырап,
Алдадым да, арбадым
Алдым талай қамшылап.
Қайран қалам қандай иттің қаны бар,
Олар емес мерт болса да табынар.
«Поражаюсь,не поддается» деп алып,
Мен білмейтін - деді, мұның
Үлкен жұмбақ мәні бар!
Иә, иә, «не поддается» көк бөрі,
Бөрілердің сен білмейтін көп шері...
Ойға шомдым тереңірек тегіме
Бәрі ұмыт,
Көмескі,
Қайдасың
Қасқыр бабам?
Көк бөрі,
Көк бөрі!!...
Таудан асып тамылжиды
Балбыраған таң сәрі.
Асау өзен адуынды
Тіршіліктің аңсары.
Кеңістік,
Уақыт,
Адамдар,
Үлкен цирк
Домаланган жер шары!...
Мегежіннің қойыртпағы уыз у,
Қандай қасірет,
Доңыздармен сүт арқылы туысу!
Құл болған соң құлқын мұңын шертеді
Бөгде сарын «Цирк қоғам» дуы шу...
Ызыңдайды,ызылдайды құлағым,
Қашан?
Қайда?
Ылайланған менің кәусар бұлағым.
Жасанды сүт,
Емізікте жас сәби
Уландың-ау, дала текті ұланым.
Еміс-еміс есімде
Бесік жыры,
Бөрі таңба ұраным!
Ұлы дала – жыр жиһазың тұрағың!
Жетер енді,
Көтер енді еңсеңді,
Қазақ Елі –
Қасқыр баба,
Ұлы сенсің,
Шырағым!