Өмір-кітап

 

Боз шапандай көнеріп тозды күнім,

Тынышы аз ұйқысы азды түнім.

Мұқабасы мүжілген өмір-кітап,

Парағына бір өлең жазды тілім.

 

 

Не қалады мынау алғыр өр күннен?

Не қалады мынау албырт көркімнен?

Көңілімнен күздің лебі соғады,

Солғын тартып қайтқан қыздай төркіннен.

 

Ойлар, ойлар өлең болып ілінді,

Желмен келген есітемін бір үнді.

Ұмытыппын сағынбаған біреуді,

Іздеп тұрмын сағынғаннан біріңді.

 

Айыр жолдар ескіреді сүрлеулер,

Еске ала ма мені дағы біреулер.

 

Парағыңда бұл кітаптың  жеңістер,

Парағында бұл кітаптың күйреулер.

 

Мұқабасы мүжіліпті күнімнің,

Парақтары сарғайыпты тілімнің.

Біреулерге тау сияқты ірімін,

Біреулерге көп кітаптың бірімін.