Күз – сана

Сұр аспанның көкірегі күркілдеп,

Көкжиектің көз алды тұр іркілдеп.

 Қара бұлтты өңешіне толтырып,

Зеңбіректер от шашады зіркілдеп.

 

 

Уайым бөздің бұлты жауып түндігін,

Көрінбейді күлімдеген күн бүгін.

Құрсағында бала күзді толғатып,

Найзағайға қидырады кіндігін.

 

Сая болған саябақта адамға,

Жапырақтар жаншылады табанға.

Желбіретіп күздің сары жалауын,

Жалғыз өзім шыққым келді алаңға.

 

Кеше көктем бүгін күз боп Шымқала,

Суық желдің құшағында тұр дала.

Балмұздағы балдай еріп ернінде,

Бара жатыр бейтаныс бір қыз бала.

               

Қарап тұрмын сол бір қызға қызғана,

Ызғар сүйіп ойланады күз-сана.

Жазын іздеп қыздан көктем көретін,

Күзді мұң деп қабылдайтын біз ғана.