Келші, көктем
Келші көктем аймалайын жүзіңнен,
Тамшы жасың кірпігіңнен үзілген.
Бала күндер, балғын түндер, елестер,
Тырналарға қарап тұрсам тізілген.
Дала жап-жас, кеудесінде нұр шағы,
Өрік гүлдеп, шие гүлдеп тұр тағы.
Жаңа күнге ұмтылады бой созып,
Боз бүршіктер ағаштардың ұрпағы.
Гүлге толы сол даланың құшағы,
Төбесінде нөкер құстар ұшады.
Аңсарымды сезіп қойып алыстан,
Бала көктем қолымды кеп қысады.
Қанша ақын арнаса да жыр саған,
Күлімдейтін сияқтысың бір маған.
Мен білетін басқа көктем болатын,
Кім екен ол менен келіп ұрлаған?