Жанарымда жүреді іздегенім

Көңілімді біле жүр күзде менің,

Жанарымда жүреді іздегенім.

Сағынышым сап-сары сарғалдақтай,

Басқа жақтан сен мені  іздемегін.

 

 

Күндерімнің куәсі үнсіз өткен,

Сезіміңді сеземін жылу төккен.

Бір аспанның астында күн кешеміз,

Сен жақтың жұлдыздарды сұлу неткен!

 

Шыңдары да сен жақтың биік кеткен,

Күлкің бар көк аспанды күлімдеткен.

Ерекше сазға бөлер сарайымды,

Көп ішінде естілген үнің неткен?!

 

Сен жақтың аурасы да гүл шешектен,

Ерке самал еседі өзге беттен.

Өзгерсем өзгерейін саған қарап,

Сен қалғын биігіңде өзгерместен