Нүктесі қайда фәнидің
Қара орманға қар түсті,
Келсе де көктем кетпейтін.
Жүрекке мұз боп ой түсті,
Жалғанды қусаң жетпейтін.
Сенеді екен сенбейтін,
Сөнеді екен сөнбейтін.
Көнеді екен көнбейтін,
Өледі екен өлмейтін.
Қызығы неде күйіңнің,
Шешуі неде түйіннің?
Соңы неде жиынның --
Сұрағы осы қиынның.
Нүктесі қайда фәнидің,
Жанымды неге жанимын?
Табытын ұстап өзгенің,
Өзімді-өзім танимын.