Суретші
Өмірде екі түс бар ақ пен қара,
Екеуіне әрқашан сақпен қара.
Суретшінің қолында қыл қаламы,
Ақты қара, қараны ақ етер
Еппен қана.
Ал қалған түсті,
Негізгі деп санама.
Ақ пен қара қасында,
Олар тек жанама.
Жасыл, қызыл,
Сары, көк.
Ақ пен қараға,
Қосылады бәрі кеп.
Қызылға қара жағып,
Түтіндетер суреткер.
Қараға қызыл қосып,
Жалын етіп күйретер.
Күреңнен күз етер,
Қылаңнан қыс етер.
Сұрыңды мұз етер,
Суретшінің шабыты,
Қалауынша түзетер.
Аймағына қаласа ол гүл егер,
Қанатсызға қанат байлап түлетер.
Суретшіміз бояулардың патшасы,
Қыл қаламның құдіретін біле бер.
Қандай ғажап суретшінің зердесі,
Өз қолында барша түстің пернесі.
Қалауым бар, ей, суретші, өзіңе,
Бояуыңмен болмысыңды жөндеші.
Суретші тұр қыл қаламын бағалап,
Сан бояуға малынады шар тарап.
Жылдар өтіп бара жатыр қасымнан,
Суретшінің суреттерін арқалап.
О, суретші, жаңа ғасыр - жан-жақта,
Жас ұрпаққа бір туынды ал, баста.
Біздің дала өз бояуын қалайды,
Бісміллә айтып ал да, алжаспа!